Вы здесь

Жаныбеков Шангерей. Өнегелі өмір. В. 31. АСҚАР ТАУ ( Коллектив авторов, 2014)

АСҚАР ТАУ

Манаш ҚОЗЫБАЕВ,
академик

Аға… Қарға тамырлы қазақта орны бөлек ұғым. Аға деп ағынан жарылған, іздеген жерден табылған жанды айтады.

Аға деп кішіге пана, ақылшы дана жанды айтады.

Аға деп сүттен ақ, ініге жақ жасы үлкенді айтады.

Қазақ: «Аға жақсы болса – панасы бар, жаман болса – жабылған жаласы бар», – деп ағаны екіге бөледі.

Аға қандас бауырың ғана емес, ақылымен, ісімен, халыққа, елге сіңірген еңбегімен танылған жасы кіші болса да, жолы үлкен жандар болады.

Кең мағынада олар елағасы, ауылағасы, мәжілістің төрағасы т.б. болуы мүмкін. Қазақ атам: «Ауылдың ақсақалды ағаларының қарасақалды ағасы бар», – деп, жасына қарамай, елге танылған ел ағасы барын айтуы осыдан.

Ендеше «Аға» болудың жөн-жосығы әрқилы. Өз ағаң елағасы болып танылса, қандай ғанибет.

Менің өзіме тетелес елағасы болған бауырым Оразалы бұл күні дүние салып кетті. Ағамның құрдастарының қан майданнан аман оралып, еліне еңбек етіп, есімдері танымал болған достарының бірі, бір де болса, бірегейі Шәңгерей Жәнібекұлы бүгін 75 жасқа келді. Орекең тірі болса әбігерленіп, қатты қуанар еді-ау. Марқұм Орекең жүрген жері базар еді. Әсіресе, оның әзілі Ғаббас ағамен (ақын Жұмабаев) қатты жарасатын. Әубәкір ағамен (Қасымханов) әзіл-қалжыңы белгілі бір шектен аспайтын. Ал, Шәңгерей Жәнібекұлымен сыпайы ғана әзілдесіп, айтпай түсінісіп, қыз мінезді, сегіз қырлы, бір сырлы досын әзіл-оспаққа қимайтын еді.

Шәкең, шын мәнінде, қазақ зиялыларында сирек кездесетін жан. Шәкеңді «сегіз қырлы, бір сырлы» Азамат деу орынды болар еді. Ол – кішіпейіл, қанағатшыл, еңбекшіл, кешірімшіл, қайырымшыл, ұлтжанды, оптимист, гуманист. Оның сыры – адалдық, тазалық.

Шәкең – Совет дәуірінің перзенті. Бүкіл Торғай өңіріне есімі танымал Қарпық әулетінен. Аумалы-төкпелі Совет дәуірінде көзі ашық, оқыған Қарпық балалары туған жерді ертерек тастап, Ресейге, кейбірі Қазақстанның оңтүстігіне ойысты. Қай жерде өмір сүрмесін жастарын оқытты. Шәкең орысша хат танып, медицина техникумын бітірген кезде қан майданға аттанды. Алапат соғыстан аман-есен елге оралды. Комсомол, Совет, партия ұйымдарында еңбек етіп, Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының Министрлер Советі төрағасының орынбасарлығына дейін жоғарылады, елағасы атанды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтүрсынұлы қас қайраткер деп «оқталғанынан қайтпайтын, ұмтылғанынан тайынбайтын, көздегенінен күдер үзбейтін, азға айналмайтын, зордан-зорға, артықтан-артыққа ұмтылатын, жамандыққа жасымайтын, мұқтаждыққа мұқалмайтын» қайратты, жігерлі, жетелі, ынталы жанды айтыпты. Осы қасиеттердің біразы Шәкеңе тән. Тоталитарлық жүйе кезінде барынша сақтыққа үйренген Шәкең осы қасиеттерді тек асқан байсалдылықпен ойланып, толғанып жасайды.

Ол Совет партократиясының ішінде жеке дара көрінетін. Еңбекті ғылыми негізде істеуге ұмтылатын. Билігім бар деп күш көрсетпейтін, сабырлылық танытатын. Телефон арқылы ма, жүзбе-жүз сөйлескен кезінде ме, оның қоңыр даусы бір келкі шығатын. Эмоцияға салынбай, істің мән-жайын толық түсініп алғаннан кейін ғана мәселе күн тәртібіне қойылатын. Өмір бойы оқумен, зердесіне тоқумен мәртебелі қызмет орнына сай болуға ұмтылыс жасау – өмір сүру қарекетіне айналған-ды.

Шәкеңнің демократтығы аңызға айналарлық. Ағамыз тіпті жеңгемізді де атын айтар болса, тек қана – «Гүлбаршын Хамитовна» дейді. «Гүлеке», «Гүлбаршын» деп атап шақыруды Шәкең одағай, ерсі көреді, тіпті, іні болып кеткен біздерге де ілтипат көрсетеді, ғажайып кішіпейілдік танытады.

Шәкең жүрген жер – мектеп. «Ағаның үйі ақ жайлау» деп бауырлары келеді. «Алдыңда ағаң болса, асқар тауың», – деп қалың елі сенеді, «туысы бірдің – уысы бір» – деп ағайын-туыс, дос-жарандар соңынан ереді. Шәкеңнің маңында жүріп, соңына еріп, олар тәлім-тәрбие көреді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Құмарпаз адамдар құмарлығының құлы болып, соның дегенімен болып, соның айдауында жүріп, құмарлық құрбаны есебінде әлек болады», – депті. Шәкең құмарпаз жан ғана емес, қазақ мәдениетінің жанашыры. Ол кісінің тікелей қатысуымен Ғабит Мүсірепов музейі, Торғайдағы Ахаң мен Жақаң музейі, республикалық Орталық музей бой көтерді, көптеген ұлы жазушыларымыздың, ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Қостанай қаласы мен Рудныйдың көркеюіне қосқан үлесі ерекше. Ел егемендік алған сәтте қазақ диаспорасымен байланыс орнатуды қолға алды, республиканың зейнеткерлер қауымын басқарды.

Ахмет Байтұрсынұлы қайраткер жандар «тыныштықпен өмір сүре алмайды. Өйткені көздеген мақсатының, ойлаған мұратының жолында неден де болса қайту жоқ», – дейді.

Иә, Шәкең дәл осындай жан. Алматыда отырып, ел жаққа елегізіп жүреді. Қостанай сахарасында болып жатқан уақиғаларға, құбылыстарға құлағын түріп, ел тынысын біледі. Қостанай, Рудный сияқты қалалардың құрметті азаматы, тек атақ қана емес, ел алдындағы жауапкершілік деп танитын Шәкең өз қарызы мен парызын терең түсінетін адам.

Бірде Шәкең, Алаш зиялылары қазақ еліне автономия алып бермекші болған кезде еліміздің ішіндегі орыстардың қолдау көрсетуге талаптанғанын айта келіп: «Шіркін-ай, бабаларымыз бәрін де ойластырған, алып-қаштылыққа салмаған, ел қамын ойлаудан танбаған, әдіс-амал, күш-өнерді қатар жұмсап, қайрат қылған. Осы күнгі кейбір ұр да жық, кіресілі-шығасылы есі бар інілеріміздің кейбірі сол орыстарды «келімсек» деп кемітіп, баяғы отаршылық заманының қармысын бүгінгі ұрпақтан алғысы келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ұрпақтар сабақтастығы туралы концепциясы ойға қонады…» – деген еді.

Ұлт ұстазы Ахаң қайраткерліктің іске, әуреге жараған екі түрін айта келіп: «биік нәрсе қандай сәулетті, көзге көрнекті, көңілге тамаша көрініп сұқтандырса, таңдандырса, төмен нәрсе өзінің төмендігімен, ұсақтығымен көзге күйкі, көңілге олқы көрініп, күлкіңді келтіреді», – деген екен жарықтық. Шәкең ағамыз іске жаратылған биік тұлға, ойшыл, сыршыл қайраткер «көзге көрнекті, көңілге тамаша көрінетін» биік бойы бар, терең ойы бар, жанын арына садақа қылатын ел Азаматы. Жаңа заманда берекесіз сөзі көп, үлгісі мен өнегесі жоқ жандарға Шәкең аянышпен қарайды, биік азаматтық тұрғыдан ел мақсатын саралайды.

Елағасы Шәкең бүгінде тәуелсіздікті баянды етуге бағыт ұстаған шерудің алдыңғы шебінде. Қан майданды басынан өткеріп, елу жыл қаһармандық еңбек еткен, ұл өсірген, қыз өсірген ел ағасы болып, топ бастаған, жалынды сөз тастаған Шәкең бұл күнде де маңдайы жарқырап, жасампаздықтың нұры таймаған қара көздері нұр шашып, болашаққа жастарды бастап барады. Елінің қажымас қара нары болып жаратылған абзал ағамыз біздің Шәкең осындай!

«Қазақ әдебиеті», 18 маусым, 1999 ж.